«Ғылымды дамыту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды.

Жасампаздық, жаңашылдық, білімпаздық және ғылымға құштарлық – нағыз озық елге керек басты қасиеттер. Мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында осы мәселеге арнайы тоқталдым. Біз тұтас қоғам болып ғылымды жан-жақты насихаттауға күш салуымыз керек. Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Қажет болса, арнайы құжатты дайындаймыз. Ғылым және жоғары білім министріне осы мәселені пысықтауды тапсырамын.

Қазір Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқыланып жатыр. Бұл заң ғылымның дамуына зор серпін береді деп сенемін. Жалпы білім мен ғылымға озық халықаралық тәжірибе ауадай қажет»
«Сіздер әлемнің үздік ғылыми орталықтарында болып, тәжірибе жинақтап жүрсіздер. Кезінде халқымыздың көрнекті тұлғалары мен қайраткерлерінің де ағартушылықпен айналысқаны тегін емес.

Қазір жас ғалымдардың заманы туды. Сіздер ұсынған, ойлап тапқан жобалардың игілігін бүкіл еліміз көруі керек. Бір сөзбен, сіздер сияқты ғалымдар отанымыздың ғылыми-техникалық даму көшін бастауы керек. Себебі, ғылым мықты болса, мемлекет те қуатты болады. Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады.

Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын – сапалы, болашағын – жарқын етуге тиіс. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» боламыз десек, осы мақсатты жүзеге асыруымыз керек. Мемлекет пен ғылыми қауымдастық бұл жұмысты жұмыла атқарады деп сенемін»
Ғылым экономиканың қарқынды дамуына септігін тигізуге тиіс.

Ұлттық экономиканы индустрияландыру үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, оның шикізаттық сипаты аса өзгере қойған жоқ. Үкіметке экономиканың жаңа моделін құру міндеті жүктелді. Қосылған құнның орнықты тізбегі оның негізіне айналуы керек. Бұл бағытта мұнай сервисі мен мұнай химиясы салаларының (пластик, көміртекті нанотүтікшелер, көміртекті талшықтар, графен өндірісі) әлеуеті зор.

Кеңестің бірінші отырысында мен Үкіметке ғылыми институттар мен университеттердің ресурстарын жұмылдыра отырып, ғылымның ашық әрі қолданбалы моделіне көшу жөніндегі кешенді шараларды іске асыруды тапсырған едім. Ғылыми жобаларда академиялық сұраныстар ғана емес, ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен экономиканың қажеттіліктері де ескерілуі керек. Ол үшін үздік халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, зерттеудің нақты басымдықтарын айқындау қажет»
«Жаңа айтқанымдай, соңғы жылдары әлемде табиғи және техногендік апаттардың саны күрт көбейді. Яғни жаһандық индустрияландыру мен урбанизация үдерісі климаттың өзгеруіне тікелей әсер етіп отыр. Кейбір болжамға қарасақ, бұл үрдіс алдағы бес жылда әлем экономикасына шамамен бес триллион доллар шығын әкеледі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау – біз үшін маңызды мәселенің бірі.

ЮНЕСКО шешімімен 2020 жылы Алматыда құрылған Өңірлік гляциологиялық орталық климаттағы өзгерістерді зерттеуге зор үлес қосып келеді. Ғалымдарымыз мұздықтардың еруін зерттеп қана қоймай, селден және мұздақ көлдерден келетін қауіпке қарсы қорғанысымыздың осал тұстарын күшейту жолдарын да іздейді.

Гляциологиялық орталықтың әлеуетін толық пайдалану қажет. Үкімет орталықты ғимаратпен қамтамасыз ету міндетін шешіп жатыр. Енді Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы Гляциологиялық орталықтың қызметі туралы келісімді ұзарту мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Себебі оның мерзімі биыл аяқталады.

БҰҰ аясында 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климат саммиті өтеді. Бұл маңызды іс-шара халықаралық қоғамдастықтың назарын мұздықтардың еруі, өзендер мен көлдердің таяздануы, шөлейттену, жердің тозуы сияқты проблемаларға аударуға мүмкіндік береді. Саммитке дайындықты қазірден бастау керек. Бұл жиын өңірлік және жаһандық экологиялық сын-қатерлерге төтеп беру үшін ғалымдардың, сарапшылардың, саясаткерлердің күш-жігерін жұмылдыруға ықпал ететініне сенімдімін»
Түптеп келгенде, Қазақстанды өркендеген елге айналдыру – бәрімізге ортақ міндет. Жаңа ғана сөз сөйлеген ғалымдар бірқатар салмақты ой айтты. Бастамаларды мұқият саралаймыз. Ұтымды ұсыныстар міндетті түрде жұмыс барысында ескеріледі.

Қазір ғылымға арқа сүйеген мемлекеттер әлемнің даму көшін бастап тұр. Біз сол елдердің қатарына қосылу үшін ғылымға айрықша мән беруіміз керек, яғни ғылымды қарқынды дамудың төте жолы ретінде қарастыруымыз керек.

Ахмет Байтұрсынұлы «Озғандарға жету керек, жеткендерден озу керек» деген екен. Бұдан бір ғасыр бұрын айтылған сөз қазір, әсіресе, өзекті.

Соңғы жылдары ғылым саласын дамыту үшін біршама жұмыс атқарылды. Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды»